Петропавлда кәсіпкердің кінәсінен 28 мыңнан астам абонент бірнеше сағат жарықсыз отырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан электр тарату желісі осы айда төртінші рет үзілген.

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 110 кВ әуелік электр желісі кезекті рет зақымданғандықтан электрмен жабдықтауды шектеуге тура келген. Тұрғындардан бөлек әлеуметтік нысандарда — ауруханаларда, мектептер мен балабақшаларда да жарық сөндірілді. Қазіргі уақытта апаттық қызмет тұтынушыларды басқа желіге қосты. Үзілген сымды қалпына келтіретін болады.
Мамандардың айтуынша, электр желісінің бұл жолы зақымдануына қорғалатын аумақта энергетикалық компаниямен келісілмей ауыр жүк көлігімен жер төгу жұмыстарының рұқсатсыз жүргізілуі себеп болған. Бұған дейін, 27 мамыр күні дәл осы ауданда қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан 110 кВ әуелік желі зақымдалды және жүк көлігінің дөңгелектері жарылған.
«Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату компаниясы» АҚ қала тұрғындарынан осы қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Компания өкілдері апаттың энергетиктердің кінәсінен емес, қорғау аймағында жұмыс жүргізген кәсіпкердің жауапсыз әрекетіне байланысты екенін еске салды. Барлық технологиялық бұзу фактілері тиісті актілермен рәсімделіп, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне, прокуратураға және басқа да бақылаушы органдарға ресми түрде жолданатын болады.
— Әуелік электр желілерінің қорғау аймақтарында қандай да бір жұмыстарды энергетикалық компаниямен келіспей жүргізуге қатаң тыйым салынады. Электр қондырғылары мен қорғау аймақтарының пайдалану ережелерін бұзу электр желісінен жаппай ажыратуға себеп болып, адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Инфрақұрылымға зиян келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, — делінген баспасөз хабарламасында.
Бұған дейін Петропавлдағы ЖЭО-2-нің жаңа түтін мұржасы биыл іске қосылатындығын жазған едік.