Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру рәсімінде мектептің төбесі құлады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы № 9 орта мектептің төбесі құлады, зардап шеккендер жоқ.

Мектеп директоры Гүлден Аленованың айтуынша, акт залының төбесі ішінара құлаған. Салтанатты іс-шара соңына таяп, оқиға кезінде барлық түлек соңғы әнді айтуға сахнаға шыққан екен.

— Бүгін 57 түлек аттестат алды, олардың екеуі «алтын белгіден» үміткер, біреуіне ерекше үлгідегі аттестат тапсырылды. Балалардың барлығы сахнада болды. Сексен шақты ата-ана болды. Ал акт залының төбесі құлаған арт жағында ешкім болған жоқ. Төбені қаптаған «армстронг» плитасы құлады. Қазір тексеріліп жатыр, соның нәтижесі бойынша шара қолданылады, — дейді мектеп басшысы.

Мектеп басшысының айтуынша, ғимараттың салынғанына 40 жылға жуықтаған.

1,5 мың оқушы оқитын білім ордасында осы аптада ағымдағы жөндеу жұмысы басталуы тиіс болатын. Ал акт залының төбесі бұл плиталармен бес жыл бұрын қапталған екен.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы № 6 мектепте сабақ уақытында сыныптың төбесінің сылағы құлап, салдарынан үш оқушы ауруханаға түскен еді.