Петропавлда жыл басынан бері 10 адамды үсік шалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасына жыл басынан бері 1,2 мыңнан аса адам түрлі жарақатпен жүгінді.

Емдеу мекемесі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаралғандардың жартысы көшеде жарақаттанған. Мәселен өткен демалыс күндері 60 адам дәрігер көмегіне жүгінді. Әр екінші адам көшеде жарақат алған, оның ішінде құлап аяқ-қолын сындырғандар да, сіңірін созып алғандар да бар. 29 адам тұрмыстық, бір адам спорттық жарақат және бір адам күйік алды. Ит қапқан бір тұрғынға да дәрігер көмегі көрсетілді.
Травматология бөлімі 80 науқасқа шақталса, қазір мұнда 50 адам ем алып жатыр.
- Петропавлда тұрамын. Абайсызда екі аяғымды үсітіп, ауруханаға түстім. Қазір қажетті ем-домды алып жатырмын, - дейді Оразбай Айтмұхамбетов.
Қаңтар айы жылы болып, қатты аяз болмаса да жыл басынан бері 10 адамды үсік шалған. Осы аралықта 136 адам стационарлық ем алды.
- Травматология бөлімшесі тәулік бойы жұмыс істейді. Қыста негізінен сынықпен, үсік шалғандар келеді. Медициналық сақтандырылған азаматтарға ғана емес, жедел медициналық көмекке мұқтаж басқа да адамдарға тегін көмек беріледі. Былтыр осындай 366 көмек көрсетілді, 259 ота жасалды, - дейді аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Дәуіржан Қаныбек.
Бұған дейін СҚО-да ер адам құдыққа құлап кетіп, мерт болғанын жазған едік.