Петропавлда жылыту маусымы аяқталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда бүгіннен бастап жылыту маусымы аяқталды.
Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің тиісті қаулысы шықты. Мамандар нысандарды жылу желісіне қосу мен ажыратуда ауа температурасын есепке алады, ол орта есеппен +10 градус шамасында болуы тиіс.
Десек те, тұрғын үйлер мен нысандар жылудан кезең-кезеңмен ажыратылады.
Кестені «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің ресми сайтынан көруге болады. Мәселен бүгін-ертең Театр, С.Мұқанов, Н.Назарбаев және Абай көшелеріндегі нысандарға жылу беру тоқтатылады. Тұрғын үйлер бойынша «Береке» ықшамауданы, вокзал маңы және Жұмысшы кенті жылу желісінен соңғы болып ажыратылады. Ал балабақшалар, білім беру және емдеу мекемелеріне тек он күннен кейін ғана жылу беру тоқтатылмақ.
Бұған дейін Павлодар облысында жылыту маусымы тоқтатылғанын жазған едік.