Петропавлдағы Қалыңдық үйі жаңарып, екінші тынысы ашылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Ғасырдан астам тарихы бар көне ғимаратта қазір Мағжан орталығы орналасқан.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Халит Янгузаров көпес ХІХ ғасырдың соңында тұрғызған ғимарат республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғауға алынған.

Аңыз бойынша, жас көпес Мәскеуге барып, үлкен шаһарда хас сұлуға ғашық болады. Сезімін білдіріп, оған күйеуге шығуын сұрайды. Алайда, байдың ерке қызы оның ұсынысына күліп, Петропавлда әкесінің Мәскеудегі үйінің дәл көшірмесін салып берсе ғана тұрмысқа шығатынын айтады.

Халит бір жыл ішінде итальян сәулетшінің жобасы бойынша осы ерекше ғимаратты салып шығады. Содан бері бұл үй халық арасында «Қалыңдық үйі» аталып кеткен.

Бірнеше рет қирап қала жаздаған ерекше нысанда былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Алматылық Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары үйдің бастапқы кейпін барынша сақтап, қалпына келтіруге тырысты.  

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Реставрация жұмысы барысында үйдің төбесі, қабырғаларынан қазіргі уақытта сирек кездесетін альфрейлі жазба табылды.

Ғимарат модерн стилінде салынғанымен, негізінен гүлдермен безендірілген. Жөндеу жұмысымен айналысқан мердігер компания мұның бәрін сақтап қалуға тырысты. 

л
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Сондай-ақ, сәулетші кезінде үйдің әрлеу жұмыстарына итальян керамика тақтайшаларын қолданған, ол да бүгінге дейін жақсы сақталған. 

Ерекше ғимарат биыл жазда Мағжан орталығы болып қайта ашылды. Оған Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі мағжантанушы Жарасбай Сүлейменов жетекшілік етеді. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Осында келіп, үйді, жәдігерлерді тамашалап жатқан адамдар өте көп. Бұл орталықтың негізгі мақсаты — осы өңірде әдебиетті дамытуға үлес қосу. Мағжанның мұрасын бұрынғыдан да тереңірек зерттеу, Мағжанды ұлықтау, насихаттау. Әсіресе мынау жас буынның санасына Мағжан есімін сіңіру. Бұл жерде Мағжанның ғана емес, өңірімізден шыққан қабырғалы қаламгерлер де назарда болады. Олардың өміріне, шығармашылығына қатысты іс-шаралар ұйымдастырылады. Келіп жатқан адамдардың барлығын қабылдаймыз. Ішіндегі дүниелерін көрсетеміз, Мағжан туралы білгенімізді айтамыз. Оның бәрі дұрыс, бірақ, олардың түсінуінше, бұл мұражай сияқты ашылған, солай қабылдап жатыр. Бұл кәдімгі Мағжан мұрасын зерттеумен айналысатын, соны дамытатын орталық, — дейді Жарасбай Сүлейменов.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Естеріңізге салайық, ерекше тарихы бар Петропавлда көптеген көне ғимараттар сақталған.  

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар