Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланы академиясындағы референдум учаскесі жұмысын аяқтады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бүгін 600-ге жуық рефрендум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 97-сі облыс орталығында орналасқан. Солардың бірі – ҚР Ұлттық ұланы академиясындағы №655 учаске.

Жабық референдум учаскесі таңғы сағат 6.00-де ашылып, жұмысын бастап кетті. Бұл жерде 596 адам өз таңдауын жасауы тиіс. Олар – ҚР Ұлттық ұланы академиясында жұмыс істейтін оқытушылар, әскерилер және олардың туған туыстары, сондай-ақ курсанттар.

«655 референдум учаскесіне таңғы 5.00-де келіп, дайындығын тексеріп, бюллетеньдер тараттық. Сағат таңғы 6.00-де әнұранымызды айтып, учаскемізді аштық. Бір сағат ішінде 200-ге жуық адам дауыс беріп үлгерді», - дейді №655 референдум учаскесінің төрағасы Ерден Балғымбаев.
Бүгін дауыс беріп жатқан курсанттардың 78-і – мұндай науқанға алғаш рет қатысты. Солардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Данияр Оралғазы. Бозбала биыл академияға оқуға түсті. Жақында 18-ге толды.

«Алғаш дауыс беріп жатырмын. Атом электр стансасының құрылысы мәселесі көптен талқыға түсіп жатыр. Осы рефренедум арқылы дұрыс шешім қабылданады деп есептеймін», - дейді курсант.
Нәтижесінде №655 учаскеде дауыс беру алғашқылардың бірі болып аяқталды.
Бұған дейін жалпыұлттық референдумда СҚО-дан 375 236 адам құқығын пайдаланып, дауыс бере алатындығын жазған едік.
Айта кетейік, таңғы сағат 07:00-ден бастап Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Қазақстан қалаларында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылды.