Петропавлдағы жаңа көпір құрылысы қашан аяқталады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда құрылысы 2023 жылы басталған автомобиль көпірінің пайдалануға беру мерзімі тағы да шегерілді.
Петропавлда Жұмысшы кентімен қосатын көпірдің жүктемесін азайту мақсатында теміржол үстінен автоөткел салынып жатыр. Жоспар бойынша ол биыл жыл соңына дейін берілуі тиіс еді.
Петропавл қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс кестесінен айтарлықтай кейін қалуына байланысты «БУКА» ЖШС-мен жасалған келісімшарт 2025 жылдың қазан айында бұзылды. Қазір құрылысты аяқтау үшін жаңа мердігер – «Құрылыс Сервис СК» ЖШС-мен келісімшарт бар.

- Бүгінде нысан шамамен 75% дайын. Бұл жоба қала үшін өте маңызды. Өткел теміржол бойымен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді, Караван көшесіндегі жүктемені азайтады және Жұмысшы кентін орталықпен байланыстырады. Жоба аясында Универсал және О. Кошевой көшелері де қайта жаңғыртылып, аялдамалар орнатылады және маршруттық желі жаңартылады, - делінген баспасөз хабарламасында.
Қалалық әкімдік автоөткелді 2026 жылдың жазында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін Петропавлда сот заңсыз бой көтерген көпқабатты үйді толық бұзуға шешім шығарғанын жазған едік.