Петропавлды жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Биыл Петропавлды мерекеге орай безендірудің бірыңғай тұжырымдамасы бекітілді.

Петропавлды жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбейді
Фото: Kazinform

Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында «қысқы ертегі» стилінде жаңажылдық 10 негізгі алаң пайда болады.

Мерекеге орай басты шырша Қазақстан Конституциясы көшесінде – қалалық, облыстық әкімдіктердің алдындағы алаңдарда құрылып жатыр. 

– Қалалық әкімдік алдындағы алаң негізгі отбасылық демалыс орталығына айналады. Мұнда мұз айдыны құйылады. Сондай-ақ келер жылдың белгілері бар жарық шамдары қойылады. Аяз Ата мен Ақшақар мүсіндері, түрлі фотоаймақтар, шағын сәулет құрылымдары орнатылады. Үлкен сырғанақ жасау да жоспарланған. Облыстық әкімдік алдындағы алаңда шыршадан бөлек декоративтік композициялар, жәрмеңке аймақтары, үлкен сырғанақ орналасады, - деді Петропавл әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

Қаладағы басты жаяу жүргіншілер көшесін безендіруде жарық инсталляциялары мен шағын сәулеттік формалар кеңінен қолданылмақ. 

Жеңіс саябағында әр жастағы балаларға арналған екі сырғанақ салынып, Жаңа жылдық шыршамен безендіріледі. 

Бұдан бөлек, «Бірлік» шағын ауданындағы саябақта, «Пестрое» көлі аумағында да үлкен сырғанақтар пайда болады. «Береке» шағын ауданы да жаңа жылға орай безендіріліп, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйламақ. 

– Дәстүр бойынша биыл да қаланы безендіруге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Бұған дейін қолданыста болған құрылымдарды пайдаланамыз. Жаңажылдық безендіруге демеушілер барынша ат салыспақ, - деді Тимур Жұманов. 

Бұған дейін Түркістанда жаңажылдық безендіруге қанша қаржы жұмсалатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар