Пияз ішіне есірткі жасырып, түзету мекемесіне өткізбек болған ақтөбеліктер ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде түзету мекемесіне есірткі мен ұялы телефон, sim картаны жасырын түрде өткізбек болған ақтөбеліктер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пияз ішіне есірткі жасырып, түзету мекемесіне өткізбек болған ақтөбеліктер ұсталды

Ақтөбеде ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 мекемесінің және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемені тексерді. Онда пияз ішіне мұқият жасырылған 2 ұялы телефон, sim карта және салмағы 10,07 грамм болатын гашиш есірткі затын тәркіледі.

«Ақтөбе облысының 32 жастағы тұрғыны тыйым салынған заттарды танысына өткізбек болды. Ал танысы қазір Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабымен күдікті-айыпталушы болып түзету мекемесінде отыр. Пияз ішіне жасырылған түйіншек сараптамаға жіберіліп, жасыл түсті өсімдік тектес заттың салмағы 10,07 грамм болатын гашиш есірткі заты екені анықталды. Қазіргі уақытта тыйым салынған затты мекемеге әкелуші күдіктіге қатысты Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалды»,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Руслан Оразбаев.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 жастағы тұрғын пияздың ішіне мұқият жасырылған ұялы телефон мен sim картаны Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша күдікті- айыпталушы танысына жеткізбек болған. Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 791 және 795-баптары бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған. Заңмен белгіленген тәртіпті бұзушы сот шешіміне сәйкес айыппұл арқалауы мүмкін.