«Plus capital» қаржы пирамидасынан келген шығын 3,5 млрд теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Plus capital» қаржы пирамидасына қатысы бар басқа да адамдарды анықтау іс-шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Plus capital» қаржы пирамидасынан келген шығын 3,5 млрд теңгені құрады

«Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті «Plus capital» ЖШС қызметкерлеріне және басқа адамдарға қатысты қаржы пирамидасы мен алаяқтықты ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. Маңғыстау облысында «Plus capital» қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топ азаматтардың қаражатын, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін заңсыз иемденді. Келтірілген залал сомасы 3,5 млрд теңгеден асты. 600-ден астам адам жәбірленуші деп танылды», - .деді Ш. Тұрлыбек министрліктің апталық брифингінде.

Оның айтуынша, бұл іске қатысты облыс тұрғыны мен нотариус қызметкері ұсталды. Сот үкімімен олар 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы адамға қатысты халықаралық іздеу жарияланды.

«ІІМ Тергеу департаменті қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар басқа да адамдарды қылмыстық жауапқа тартып жатыр», - деді ведомство өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде бір аптада 3 мыңға жуық қылмыс тіркелді.