Полицейлер формасының өзгеруі реформаның басы ғана - Дәурен Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ішкі істер министрлігінің жұмысын реформалауға қатысты пікірір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Жаңа форма, шынында да, жүйені сапалы түрде түрлендірудегі бастапқы қадам. Алайда осынау орасан зор жұмыста форманың да өзіндік мәні бар. Біріншіден, визуалды қабылдаудың маңызы өте зор. Бізге гүржі тәжірибесі туралы жиі айтады. Бірақ, ендеше гүржі полициясының өзгеруіне жаңартылған форма да енгенін айта кету керек. Жаңартылған формамен және жаңа көліктермен гүржі полицейлері көшеге патрульге шыққан кезде өтіп бара жатқан адамдар қатты таңғалған. Олар тоқтап, полицейлермен тіпті сөйлесе бастаған», - дейді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, халқы осыдан кейін гүржі полициясын қабылдай бастаған.

«Екіншіден, жаңа форманың полиция қызметкерлеріне ыңғайлы екенін де ескере кету керек. ІІМ қызметкерлерінің өздерінің тарапынан да қазіргі киімнің жетіспей жататыны туралы айтылып жүрген еді. Бұл жерде сапалы киім туралы сөз болып отыр», - деді министр.

Дәурен Абаев өз сөзінде атап өткендей, полицияны жаңғырту бойынша бағыттардың бәрін де Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атап өткенін айтты.

«Өзіңіз білетіндей, реформаның тоғыз бағыты бар. Мәселен, ұйымдастыру құрылымын оңтайландыру жоспарда бар. Яғни, артық басқарушылық бөлімдер қысқартылады. Одан артылған қаражаттың есебінен полиция қызметкерлерінің жалақысы өсетін болады. Менің білуімше, кадрларды іріктеу мен даярлау мәселесі түпкілікті қайта қаралады. Ведомстволық білім жүйесі жаңғыртылады. Әсіресе, жұмыстың сервистік моделі енгізіліп, азаматтарымызды қабылдау ХҚО-лардың табысты қағидаттары бойынша жүзеге асырылады. Реформаны жүргізу бағытында әлеуметтік өлшемдер мен сауалнамалар арқылы өзгерістердің қаншалықты азаматтардың көңілінен шығып жатқаны қаралады. Сонымен бірге, қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысы жетілдіріледі. Менің білуімше, Ішкі істер министрі осы реформалар бойынша үлкен сұхбат береді. Реформа тек полиция қызметкерлерінің киіміне ғана қатысты болады дейтіндерге ІІМ реформасының жол картасымен танысуға кеңес берер едім. Ол электронды үкіметтің ашық нормативті құқықтық құжат бөлімінде тұр», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, 19 қарашада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ішкі істер органдары қызметін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңес өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: Полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажеттігін атап өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум