Полицейлердің қызметтік бөлмесіне видеобақылау орнатылады - ҚР ІІМ
Polisia.kz порталының мәліметінше, жиынға департаменттің бөлім басшылары қатысып, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары селектор режимінде қосылған.
А.Заппаров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының полиция жұмысына, оның ішінде дербес Төтенше жағдайлар министрлігін құру, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру, цифрландыруды дамыту, жемқорлықпен күрес сынды негізгі бағыттары жайында сөз қозғады.
«Президент тапсырмасына сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Бұрынырақ оның қызметі Ішкі істер министрлігінің құрамында болғаны белгілі. Жолдауға сәйкес, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесі арттырылады. Бұл - өте маңызды. Әрбір учаскелік полицей өз ауданында абыройлы, танымал адам болуы тиіс. Біз учаскелік полиция инспекторларының материалдық-техникалық базасын жақсартамыз, олардың жалақысына қосымша үстемақы қарастырылатын болады. Учаскелік полиция инспекторының мәртебесі, өкілеттігі заңнамалық негізде арттырылады», - деді ол.
Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторларын жұмыс істеуі үшін көлікпен және планшетпен қамту арқылы материалдық-техникалық базасын жақсарту жоспарланып отыр. Бұған қоса, бүкіл еліміздегі пенитенциарлық мекемелерде, полицейлердің қызметтік бөлмелерінде тұтастай бейнебақылау енгізу шаралары қабылданып жатыр.