Полиция қызметкерін балағаттаған ақтөбелік қоғамдық жұмысқа тартылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ішімдік ішіп, полиция қызметкерін балағаттаған азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
№2 Ақтөбе қалалық сотында Т.Нұркенге қатысты Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» бабы бойынша іс қаралды. Отбасылы, бірақ жұмыссыз ақтөбелік қаладағы 8-ықшамауданда мас күйінде жүріп, полиция қызметкеріне қарсылық білдірді.
Іс материалына сүйенсек, сотталушы Т.Нұркен полиция қызметкерін балағаттаған. Сот отырысы кезінде ол бұл ісін толық мойындады. Алайда, полиция қызметкері электрошокер пайдаланған соң ашуға булығып, өз ісіне есеп бермегенін атап өтті.
«Т.Нұркен Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалсын. Айыпталушының өз уақытында келіп, жұмыс істеуін пробация қызметі бақылауға алсын. Т.Нұркен өз міндетінен бас тартса, әрбір 4 сағаты 1 күн қамауға алумен есептеледі»,- деді судья А. Бекмұхамбетова.