Полиция мен Ұлттық ұлан стратегиялық маңызы бар ғимараттарды бақылауға алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты республика бойынша қанша полиция мен Ұлттық ұлан сарбазы күшейтілген режімде жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мемлекет тарапынан бұл қадамдар азаматтардың мүддесі мен қарапайым жұрттың денсаулығын, өмірін сақтау үшін жасалып жатқанын түсіну керек. Коронавирус ауыл-аймаққа тарап кетпес үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылғалы отыр. Карантинді ең алдымен коменданттық сағатпен шатастырмауымыз керек. Ол дегеніміз бірқатар шектеу қойылады деген сөз. Қазір екі қаланың әкімдігінде барлық жүктеме бар. Яғни бүгін түнгі 00.00-ден бастап екі қалада карантин енгізіледі», - деді Нұрділдә Ораз «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында.

Министрдің кеңесшісі сонымен қатар ІІМ тарапынан бірқатар статистикалық мәліметпен бөлісті.

«Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты республика бойынша ІІМ-нен 8 мың полицей, Ұлттық ұланнан 4 мың әскер белгіленді. Олардың бәрі біріншіден стратегиялық және мемлекеттік маңызы бар (қала мен облыстар бойынша 50-ге жуық) ғимараттарды бақылауға алады. Патрульдер, жаяу әскер - бәрі осы нысандарға жақындатылады», - деді Нұрділдә Ораз.

Нұрділдә Ораздың сөзіне сенсек қазір жұқтыруы мүмкін деген азаматтардың бәрі анықталған. Олардың бәріне полиция қызметкерлері санитарлық қызметкерлермен бірге барып, күдікті болса денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізеді.

«Қазіргі таңда әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарап жатыр. Осы ақпараттарға байланысты халықты тек ресми мәліметтерге сенуге шақырамыз. Өйткені жалған ақпараттың бәрі біріншіден қоғамдық тәртіпті бұзып, екіншіден тұрақтылығымызға сына қағуы мүмкін. Сол себепті осыны ұмытпай, жалған ақпаратты таратуға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескеруіміз керек. Мәселен күні кеше азаматтардың карантин аумағынан қашып кету жағдайы Түркістан облысында тіркелді. Алматыда жұқтырған азаматтың басқа қандай адамдармен байланысқа түскені жайлы ақпаратты бермеуі секілді оқиға болды», - деді ол.

Айта кетсек кеше ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізу туралы шешім қабылданған болатын.

Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгін Covid-19 індетінің тағы екі фактісі Алматы қаласында расталған. Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавируспен ауыратындар саны 35-ке жетті. Оның ішінде 17 жағдай - Алматыда, 18 факті - Нұр-Сұлтанда тіркеліп отыр.


Соңғы жаңалықтар