Полиция өкілдері жаяу жүргіншіні көлік қағу оқиғасына қатысты мәлімет берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері полиция көлігінің жаяу адамды қағу оқиғасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды otyrar.kz.

Департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 16 наурыз түні сағат шамамен 22:20 шамасында Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясы полкының көліктегі экипажы Арғынбеков және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында қоғамдық тәртіпті күзетіп тұрады. Инспекторлар осы қиылыста жол жүру ережесін өрескел бұзған Лада Приора көлігін тоқтатады.

«Жүргізуші бірнеше метр жерге барып тоқтайды. Дегенмен, оның жүргізушісі қасына инспектор келгенше орнынан бірден қозғалып, Арғынбеков және Қазиев көшелерінің қиылысына қарай қашып кетуге әрекет жасайды. Полиция көлігіне мінген тәртіп сақшылары қашқан көліктің соңынан қуа жөнеледі. Инспекторлар осы мақсатта жарық белгісі мен дауыс дабылын қолданып, жүргізушіден тез арада көлікті тоқтатуды талап еткен.

Лада Приора көлігінің жүргізушісі бұл талапқа бағынбай, қатты жылдамдықпен келген күйі солға қарай бұрылмақ болған сәтте жолдың ортасында тұрған электр бағанасы мен бағдаршамды соғады. Тап сол сәтте осы маңдағы жаяу жүргіншілер жолағында тұрған 35 жастағы қала тұрғыны өзіне қарай келе жатқан Лада көлігінен қашпақ болып, Арғынбеков көшесінің жүру жолағына шыққанда оны патруль көлігі соғады.

Полиция қызметкерлері жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып жатқанда тәртіп бұзған адам оқиға орынан қашып кеткен. Қазір оны іздестіру жалғасуда.

Оқиға орнына жергілікті полиция қызметінің бастығы, анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы мен өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері келген. Қазір осы факті бойынша қылмысты кодекстің 345-бабының 2-бөлігі (көлік құралын басқарған тұлғаның жол жүру тәртібін немесе көлік пайдалану тәртібін бұзу) бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тексеру жүруде» делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар