Полигонның жабылуы - әлем мойындаған тарихи шешім болғаны даусыз - сенатор

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің сұхбатын ұсынамыз.
None
None

- Сәрсенбай Құрманұлы, биылғы 29-ыншы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигонын біржола жабу туралы шешімнің қабылданғанына 25 жыл толады. Арада ширек ғасыр өткенде осы шешімнің маңызы қандай екеніне тоқталсаңыз?

- Осыдан тура 25 жыл бұрын, 1991 жылдың 29-ыншы тамызында сол кездегі Қазақ КСР-ның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Осынау саяси, тарихи шешімнің маңызына келсек, полигонның жабылуы ширек ғасырдың ішінде ең алдымен, Қазақ еліне, қазақ халқына орасан зор пайда әкелді.  Ядролық қарудан бас тартудың өзі халықтың, елдің келешегін ойлаған басшысының көрегендігі болатын. Елбасының тарихи шешімін қазіргі таңда күллі әлем мойындап, БҰҰ-ның қабылдауымен 29-ыншы тамыз әр жыл сайын «Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні» ретінде аталып өтеді. Сондықтан тарихи жарлық тек қана бір елдің шеңберін емес, оның маңызы дүниежүзілік ауқымды қамтыды деп ойлаймын. Бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген 15 республиканың арасынан ядролық жарылыстардың зұлматын көріп, ауыр зардабын басынан кешірген бірден-бір республика - ол Қазақстан, бірден-бір халық - қазақ халқы. Әлемдік деңгейде жапон халқы да атом қаруынан зардап шеккенін тарихтан білеміз. 1945 жыл Жапония атомның зардабын шет мемлекеттен көрсе, КСРО-ның дамуына елеулі үлес қосқан Қазақ КСР-сы мен оның тұрғындары ядролық тажалдың зұлматын өз мемлекетінен көрді. Екі нәрсені ашық айтайын. Біріншіден, қазір белгілі болып отырғандай, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың өткізілетіндігі туралы сол кездегі республика басшылығынан, республиканы мекендейтін тұрғылықты халықтан келісім сұралған да, алынған да жоқ. Екіншіден, бұл сынақтардың зардабы туралы шындық алғашқы сынақтардан зардап шеккен адамдарға, отбасына және көпшілікке жария түрде айтылған жоқ. Мұндай құпия сынақ, зерттеу ең алдымен, сол жерді мекендейтін, өз ата-бабасының қаны тамған жерде қоныстанған қазақ халқына ауыр зардабын тигізді. Сынақтар жер бедерінің өзгеруіне, табиғаттағы өсімдіктердің, аң-құстардың азаюына әкеліп соқтырды. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздік таңы атқанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай халықтың мүддесіне сай шешім қабылдауы - ең алдымен, қазақ халқы үшін, екіншіден, әлем халқы үшін үлкен саяси, тарихи шешім болғаны даусыз. Осылай екенін қазіргі таңда әлемдегі барша беделді мемлекеттер, саясаткерлер мойындап отыр.

- 25 жылдың ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарын әлеуметтік жағынан қорғау мәселесі толық шешілді ме?

- Әрине, тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан аяғынан тік тұрып, күллі әлемге танылды. Атап айтарлығы, Семейдегі ядролық полигонды жабу мәселесі шешілген соң, 90-шы жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан, ел Президентінің тапсырмасымен Үкімет пен Парламент осыған арнайы заңдар қабылдады. Сол заңдардың арқасында ядролық сынақтардан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетуге, оларды дәрігерлік тексерістен өткізуге, тұрмысын жақсартуға жағдай жасалды. Мұның бәрі мемлекет тарапынан жүргізілген дұрыс саясаттың жемісі. Қазақстанда тұратын халықтардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздік, бейбітшілікке қатысты барлық бастамаларын қолдайтыны сөзсіз. Әрине бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі - жер бетіндегі ядролық сынақтарды тоқтату, одан түпкілікті бас тарту. Өкінішке орай, Қазақстан ұсынып отырған бастамаларға іс жүзінде ядролық қаруды иемденіп отырған мемлекеттер түсіністікпен қарағанымен, толық қолдамай отыр. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан толық бас тарту туралы ұсынысын барлық мемлекеттер, үкімет басшылары қолдауы қажет. Олай етпесе, болашақта адамзаттың қауіпсіздігіне зияны тиюі мүмкін. Қазақстан Президентінің жаһандық қауіпсіздікке қатысты барлық бастамалары - бұл жалпы адамзат игілігі, оның келешегі жолындағы ізгі, өміршең, үлкен бастамалар. Осы бастамалардан қандай кедергі, қиыншылықтар болса да бас тартпауымыз керек.

- Соңғы жылдары КСРО заманында ашылып, бүгінге дейін Ресей Федерациясына бағынышты болып келген әскери полигондарды Қазақстанға қайтару мәселесі оң шешілуде. Сіздің осынау күрделі мәселені шешумен бірнеше жылдар бойы айналысып жүргеніңізді білеміз. Енді әңгімеміздің бағдарын осыған бұрсақ.

- Кеңес одағы кезінде идеологияға негізделген екі антогонистік қоғам болғаны белгілі. Біреуі - империализм, екіншісі - социализм. Міне, осы екі қоғамның арасындағы қарама-қайшылық айналып келгенде жанталаса қарулануға әкеліп соқтырды. Экономиканың негізгі күші қару-жарақты жетілдіруге, соның ішінде түрлі сынақ алаңдарын құру үшін жер учаскелерін полигондарға айналдыруға жұмылдырылды. Полигонның жерлері Кеңес одағының диктаторлық жүйесінің бір белгісі ретінде, ешқандай жергілікті халықтан сұрамастан, одан келетін зардаптарға төлем төлеу мәселесін әңгіме етпестен, әкімшілік жолмен күштеп алынды. Өкініштісі, Қазақстандағы ең тамаша, шөбі шүйгін, шұрайлы жерлер полигондарға берілді. Түптеп келгенде, мұның зардабын халық қана көрді. Мысалы, Атырау облысының аумағында сондай екі полигон болды. Біріншісі - Азғыр, екіншісі - Тайсойған. Азғыр полигоны Құрманғазы ауданында орналасқан. Ресейдің Астрахань облысымен шектесетін Азғыр өңірінде 3 селолық округ, 11 елді-мекендер бар. Бұл жердің шөбі шүйгін, жер асты суы құнарлы. Халық ертеден мекендеген аймақ. Осы аймақтың 300 гектар жері Ресейдің федералдық ядролық орталығы оңтүстік сейсмикалық экспедициясының Галит нысанының пайдалануында болған. 1966 және 1979 жылдар аралығында осы полигонда 17 рет жер астындағы тұз қабатында ядролық сынақтар өткізілген. Соның нәтижесінде 9 жер асты қуыстары пайда болған. Кейіннен бұл қуыстарға су толған. Сынақ өткізілген А8 технологиялық алаңында радионуклидтер жердің бетіне шығып кеткен. Жапонияда да зиянды заттар саңырауқұлақ болып, жер бетіне шыққанын білеміз. Әрине, сонау 70-інші жылдардан бастап Азғыр өңірінде қоныстанған адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға полигонның әсерінен үлкен зиян келгені белгілі. Алайда бұрын бұл мәселе айтылмай, зерттелмей келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Елбасымыздың тапсырмасымен Үкімет Атырау облысындағы Азғыр, Тайсойған, Батыс Қазақстан облысындағы Капустин Яр полигондарынан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты әлеуметтік көмек көрсете бастады. Бүгінгі таңда азғырлықтарға жол салу, электр қуатын беру, газ тарту, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі үкіметтік деңгейде қаралуда. Атырау облысындағы Қызылқоға және Индер аудандарының және Атырау қаласының аумағында Ресейдің Тайсойған полигоны бүгінге дейін жұмыс істейді. Әскери полигонның ауданы 749,0 мың гектарды құрайды. Бұл жері шұрайлы Қызылқоға ауданының жалпы жерінің үштен бірі. Бұл жер кезінде «жабулы Тайқазан» деген атпен мәлім болған. Сол жерде желмаясымен Асанқайғы тұрақтапты деген аңыз-әңгімелер де бар. Шөбі тізеден асатын, мал өсіруге аса қолайлы, қамшының сабындай жерден таза ауыз су шығатын осындай жерлер кеңестік оспадар саясататтың нәтижесінде халықтың ешқандай мүддесі ескерілместен полигонға берілді. Одан жергілікті халық көп қиыншылықтарға тап болды. 25 жыл бойы тайсойғандықтар дүниеге келген баласына туу туралы куәлік ала алмады. Өзі тұрғызған үйінің құжатын алу мұң болып, өз қолымен құрған шаруа қожалығының заңды иесі атана алмады. Соның кесірінен шаруалардың мемлекет беретін әртүрлі жеңілдіктерге қолы жетпеді. Бұған қоса, полигон аумағындағы мұнайдың ірі кен көздері игерілмей қалды. Яғни полигон халыққа, елге экономикалық, әлеуметтік, рухани тұрғыдан көптеген зиян әкелді. Алайда Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде бұл мәселе шешімін тапты. Парламент депутаттарының тікелей араласуымен Ресей мен Қазақстан арасындағы келісім-шартқа өзгеріс енгізіліп, полигонға тиесілі жердің 128 мың гектарынан басқасы Қазақстанға қайтарылды. Осылайша Индер, Қызылқоға ауданының, Атырау қаласының тұрғындарының әлеуметтік мәселелері шешімін тапты. Полигон жерлерін қайтару мәселесі Қазақстанның барлық аймақтарында қарастырылып жатыр. Меніңше, болашақта полигон болған жерлердің сапасын терең зерттегеніміз жөн. Себебі шөптің, топырақтың құрамында адам ағзасына зиянды нәрселер қалып қоюы мүмкін. Мысалы, Азғыр полигонындағы тұз қабатына көмілген зиянды элементтер түгелдей жойылуы үшін 600 жыл уақыт керек екен. Сол жердің тұрғындары жер асты суын ішеді. Жарылыстар кезінде сол жер асты құдықтарына зиянды заттардың баруы мүмкін бе, әлде, мүмкін емес пе? Міне, бұл біздің ғалымдарымыздың айналысатын жұмысы. Сонымен қатар, кейбір дерттердің адамға ата-бабасының, ата-анасының қанымен таралуы не таралмауы деген сауал да үлкен зерттеулерді қажет етеді.

  Әңгімелескен Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар