Польшада 25 мыңнан аса маңызды нысанды суретке түсіруге тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM — 17 сәуірде Польшада ел аумағындағы 25 мыңнан астам нысанды суретке немесе видеоға түсіруге тыйым салатын заң күшіне енеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Radio Polska мәлім еткендей, Ішкі қауіпсіздік және қарсы барлау туралы заңға енгізілген түзетулер аса маңызды инфрақұрылымды қорғауға бағытталған.
Бұдан былай елде әскери нысандарды, газ қоймасы, энергетикалық нысандар, сумен қамтамасыз ету нысандары, көпірлер, туннельдерді және тағы басқа нысандарды сурет/видеоға түсіруге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, әскери нысандарға баратын көлік жүргізушілері видеорегистраторларын өшіріп тастауға міндетті.
Тыйымды бұзған тұлғаларға айыппұл салынып, әкімшілік қамауға алынады немесе сурет/видео түсіруге арналған құрылғылары тәркіленеді.
Тізімге енгізілген нысандарды жауапты органнан рұқсат алған тұлғалар ғана түсіре алады.
Сарапшылар дрон, спутниктік суреттерді қоса алғанда заманауи технологиялар дамып тұрған заманда аталмыш тыйымның практикалық тиімділігіне күмәнмен қарайтынын жасырмады.
Сондай-ақ олар жаңа заңның адамдарға ыңғайсыздық туындатуы мүмкін екенін ескертті.
Осыған дейін Польшаның ядролық қаруға ие болғысы келетіні айтылды. Польша премьер-министрі Дональд Туск елдегі барлық ер адам үшін әскери дайындықты міндетті ету бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.