Польшада мемлекеттік төңкеріс туралы хабарлар тарап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Варшавада елдің Конституциялық трибуналының ғимаратын полиция қоршады, наразылық білдірушілер ғимараттың айналасын қаумалап тұр. Бұл туралы DW жазды.
Бұл трибуналдың 15 судьясының бірі Анна Корвин-Пиотровска трибуналдың төрағасы Богдан Свенчковски мен төрағаның орынбасары Бартоломей Соханьскиді бір айға міндеттерінен шеттету туралы шешім қабылдағаннан кейін елдегі саяси жағдай ушығып кеткен.
30 қазанда жарияланған құжатта екі басшы да 2026 жылы Сейм (парламент) тағайындаған судьялардың істерді қарауына кедергі келтіргені айтылған. Анна Корвин-Пиотровска бұл шешімді қабылдау құқығын 2016 жылғы трибуналдың ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу тәртібі туралы заңға сүйене отырып қолданғанын, 3 қарашада трибунал судьяларының жалпы жиналысы өтетінін жариялады.
Сол уақытта мемлекеттік органның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында орган сайтының «заңсыз басып алынғаны» туралы хабарланды.
— Трибуналдың төрағасы Богдан Свенчковски болып қала береді, ал оның орынбасары — Бартоломей Соханьски. Анна Корвин-Пиотровска Конституциялық трибуналдың судьясы емес. Бұл әрекеттерге қатысқан барлық адамдар қылмысқа барып мемлекеттік төңкеріс жасап отыр, — делінген хабарламада.
Nastąpiło bezprawne przejęcie strony internetowej Trybunału Konstytucyjnego. Prezesem @TK_GOV_PL jest nadal Bogdan Święczkowski, a Wiceprezesem Bartłomiej Sochański. Pani Anna Korwin-Piotrowska nie jest sędzią Trybunału Konstytucyjnego. Wszystkie osoby uczestniczące w niniejszych działaniach popełniają przestępstwo zamachu stanu.
— Trybunał Konstytucyjny (@TK_GOV_PL) October 30, 2026
Трибуналдың сайтында жоғарыда аталған X желісіндегі парақшаның органға ешқандай қатысы жоқ екені айтылған.
«Мемлекеттік төңкеріс» туралы Соханьски де айтты
—Не болып жатқанын білмеймін. Анна Корвин-Пиотровска ханым маған қоңырау шалып, енді трибуналға басшылық ететінін айтты. Мен басқа ештеңе білмеймін, — деді ол Rzeczpospolita газетіне пікір білдіре отырып.
Соханьски «көз көріп, құлақ естімеген оқиға» болып жатқанын айтты.
— Мен ешқашан маған қарсы шағымдар естіген емеспін. Мені қызметтен алуға өкілеттігі бар ешкімді танымаймын. Трибуналдың немесе жеке судьяның тәуелсіздігіне мұндай араласуға мүмкіндік беретін ешқандай заңды ережені білмеймін. Мемлекеттік төңкеріс жүріп жатыр, — деп атап өтті Соханьски.
Туск осы оқиғаларды қолдады
Қазіргі президент Кароль Навроцкиге Сейммен бірге оппозициялық ұстанымдағы Польша премьер-министрі Дональд Туск Конституциялық трибунал басшылығының уақытша қызметінен шеттетілуін қолдады.
— Заң үстемдігін қалпына келтіру — біздің міндетіміз. Биліктегі Заң және әділеттілік (PiS) партиясының көпжылдық заңсыз әрекеттерінен кейін шешуші шараларды қажет ететін қиын, кейде ауыр процесті бастауға мәжбүрміз. Басқа жол жоқ, — деп жазды ол X парақшасында.
Przywracanie rządów prawa jest naszym obowiązkiem. Po latach pisowskiego bezprawia to proces trudny, czasem bolesny i wymaga zdecydowanego działania. Innej drogi nie ma.
— Donald Tusk (@donaldtusk) October 30, 2026
Польша президенті Сенегалға сапарын тоқтатты
Польша президенті Кароль Навроцкий Конституциялық сот аумағына полиция келгенін және сот төрағасы Богдан Свенчковский қызметінен шеттетілгенін білген соң, Сенегалға бағыт алған ұшағын кері бұрып, еліне оралды.
— Мұндай сәтте президент Польшада болуы керек. Сенегалға бара жатқан сапарымды тоқтатып, елге қайтып жатырмын, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Варшава полициясының түсініктемесі
Варшава полициясы бас прокурор және әділет министрі Вальдемар Журектен ғимараттың айналасында өтіп жатқан наразылық акциялары кезінде Конституциялық трибуналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды сұраған өтініш алғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне трибунал судьяларының бірінің «өмірі мен денсаулығына төнетін ықтимал қауіп» туралы хат келіп түсті.
Жауап ретінде полиция ғимаратты қоршауға алды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ғимарат ішіне кірмегені айрықша айтылды. Полиция наразылық білдірушілер оларға «қауіпті заттарды» лақтырғанын мәлімдеді. Қоршаудан асып түсіп, трибунал аумағына кірген үш шеруші ұсталды.
Польшадағы трибуналға қатысты қақтығыс бірнеше айдан бері өршіп келеді.
Кейінгі апталарда Конституциялық сот ғимаратының алдында оппозиция өкілдері наразылық акцияларын өткізіп жатыр. Бұған премьер-министр Дональд Тусктің өз үкіметінде бұрын министр болған Марчин Беректі осы соттың судьясы етіп тағайындау туралы шешімі себеп болған.
Бұған дейін Польшада премьер-министрге шабуыл жасамақ болған күдікті ұсталғанын хабарлаған едік.