Португалияда 56 мыңнан астам адам жарықсыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Португалияда ауа райының қолайсыздығынан электр желілеріне келтірілген зақым салдарынан кемінде 56 мың адам әлі де жарықсыз отыр.
Жергілікті RTP телеарнасының мәліметінше, қатты жел мен нөсер жаңбырмен қатар жүрген «Кристин» дауылы елдің бірқатар өңіріне айтарлықтай зиян келтірген.
Табиғи апат салдарынан мыңдаған тұрғын электр қуатынсыз қалды.
Билік өкілдерінің дерегінше, дауыл салдарынан бес адам қаза тапқан. Ал келтірілген жалпы шығын көлемі 4 млрд еуродан асуы мүмкін.
Португалияның электр тарату компаниясы E-Redesтің хабарлауынша, қазіргі уақытта 56 мыңға жуық тұтынушы электр энергиясынсыз отыр. Компания дүйсенбі күні таңғы сағат 8:00-де «Кристин» циклонының әсеріне ұшыраған аймақтарда шамамен 48 мың абонент әлі де жарықсыз қалғанын мәлімдеген.
Төтенше жағдай салдарын жою үшін апат аймағына 2,5 мың португалиялық әскери қызметкер жұмылдырылды.
Айта кетейік, жексенбі күні Португалияда өткен сайлауда социалистерден ұсынылған кандидат Антониу Жозе Сегуру жеңіске жеткен болатын.