Пойызда вагон терезесін сындырған қостанайлық жазаланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Орал – Астана» бағытындағы пойызға мас күйінде мінген 48 жастағы жолаушы терезе сындырған. Полиция оны ұстап, іс сотқа жолданды.

Пойызда вагон терезесін сындырған қостанайлық жазаланды
Фото: railways.kz

Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Орал-Астана» бағытындағы жолаушылар пойызынан мас жүргізушіні ұстады. Қостанай облысының 48 жастағы тұрғыны ішімдік ішкен күйі ұсақ бұзақылық жасаған.

— Тексеру барысында ішімдікке сылқия тойып алған ер адамның тамбур есігіндегі әйнекті сындырғаны анықталды. Сонымен қатар құқықбұзушы билік өкілдерінің заңды талаптарына қарсылық танытқан. Көлік полицейлері жолаушыны Ақтөбе облысы Әйтеке би станциясында пойыздан түсіріп алып, полиция бөліміне жеткізді. Ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, материал сотқа жолданды. Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 85 АЕК (334 220 теңге) айыппұл салынды, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, былтыр әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 698 адам жолаушылар пойыздарынан түсірілді. Оның 672-і қоғамдық орындарда масаң күйінде жүрген, 17-і ұсақ бұзақылық жасаған.

Еске салсақ, жыл басында төрт өңірде тас жолдардың жабылуына байланысты Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен шамамен 400 адам тасымалданды.

Соңғы жаңалықтар