Премьер-лига: «Астана» төрт ойын бойы жеңіске жете алмай келеді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші туры мәресіне жетті.

Бұл турдағы негізгі ойын елордалық «Астана» мен шымкенттік «Ордабасы» командалары арасында өтті.
Кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны шымкенттік клубтан Еркебұлан Тұңғышбаев 77-минутта өзінің еншісіне жазды.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 19 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Елордалық команда қатарынан төрт ойын бойы жеңіске жете алмай жүр. Салдарынан турнир кестесінде тоғызыншы орынды місе тұтып тұр.
Сондай-ақ 16 маусымда өткен «Елімай» (Семей) мен «Ақтөбе» , «Жетісу» (Талдықорған) мен «Жеңіс» (Астана) 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Ал 15 маусымда өткен ойындарда «Тобыл» «Қайратты» 1:0 есебімен жеңсе, «Шахтер» өз алаңында «Атырауға» 1:3 есебімен есе жіберді.
Тағы бір кездесуде «Қайсар» мен «Тұран» 1:1 есебімен тең түсті.
Енді он екінші тур ойындары 22 және 23 маусым күндері өткізіледі.