Премьер-лига: «Тобыл» өз алаңында «Қайратты» жеңді

Премьер-лига: «Тобыл» өз алаңында «Қайратт» жеңді
Фото: instagram.com/fctobol

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының он бірінші турында қостанайлық «Тобыл» өз алаңында Алматының «Қайратын» жеңді.

Қостанайлық клуб төрт тур бойы жеңілістің ащы дәмін татты. Салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Осыдан кейін бас бапкер Милич Чурчич қызметінен кетті. Оның орнына Нұрбол Жұмасқалиев тағайындалды.

Қазақстандық маманның жетекшілігімен өткен алғашқы кездесуде қостанайлық клуб үш ұпайды олжалап кетті. Бүгінгі кездесуде Игор Ивановичтің 31-минутта соққан жалғыз голы ойын тағдырын шешті.

Осылайша қостанайлық клуб қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді.

Ал «Шахтер» өз алаңында «Атырауға» 1:3 есебімен жеңілсе, «Қайсар» мен «Тұран» 1:1 есебімен тең түсті.

Енді 16 маусымда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Жеңіс» (Астана), «Елімай» (Семей) мен «Ақтөбе», «Астана» мен «Ордабасы» (Шымкент) командалары ойнайды.

 

Соңғы жаңалықтар