Премьер-лига: «Елімай» «Тұранның» осал тұсын таба алмады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 23 маусымда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының он екінші турында семейлік «Елімай» мен түркістандық «Тұран» тең түсті.

Кездесу барысында семейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 33-минутында Дмитрий Яшин «Елімайды» алға шығарды.
«Тұран» сапынан Антонио Яколиш 43-минутта таразы басын теңестірді.
Ал 47-минутта Сергей Кейлер қайтадан «Елімайдың» басымдығын арттырса, 94-минутта түркістандық командадан Артем Дмитриев қорытынды есепті белгіледі.
Командалар 2:2 есебімен тең түсті.
Ал «Ақтөбе» мен «Шахтер» кездесуін жалғыз гол шешті. Оны 70-минутта Ромеро Дорни өзінің еншісіне жазды.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде екінші орынға табан тіреді. Бірінші және екінші орындағы «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» еншісінде 22 ұпайдан бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Ордабасы» «Жеңістен» 3:1 есебімен басым түссе, «Атырау» мен «Тобыл» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ 22 маусымда «Қайсар» сырт алаңда «Жетісуды» 2:1 есебімен жеңсе, «Астана» «Қызылжардан» 1:0 есебімен басым түсті.