Премьер-лига: «Қайрат» бірінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасы командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-турында Талдықорғанның «Жетісу» командасынан басым түсті.
Алматылық клуб биыл бас жүлдеге қол созуды алдына мақсат етіп отыр. Сондықтан әрбір кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салып келеді.
Бүгінгі кездесу барысында талдықорғандық команда алғашқы болып есеп ашты. Оны 3-минутта команда капитаны Серікжан Мужиков өзінің еншісіне жазды.
Ойынның 23-минутында «Қайрат» сапынан Александр Мартынович таразы басын теңестірсе, 91-минутта Офри Афад жеңіс голын соғып кетті.
Осылайша алматылық ұжым 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Дәл қазір «Атырау» мен «Елімай» кездесуі өтіп жатыр.
Ал 18.00-де «Ордабасы» мен «Жеңіс» жасыл алаңға шығады.
Ал 27 қазанда «Шахтер» мен «Қызылжар», «Тұран» мен «Түркістан», «Астана» мен «Атырау» кездеседі.
Еске салсақ, «Семей» мен «Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасы элиталық кезеңіне жолдама алды.