Премьер-лига: «Қайрат» сырт алаңда «Шахтерді» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХV турында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» ойсырата жеңді.

Биыл алматылық ұжым жақсы ойын өрнегімен көзге түсіп келеді. Нәтижесінде турнир кестесінде үздік үштіктен көрініп тұр.
Кездесу барысында «Қайрат» сапынан Гиорги Зариа 30, Жоао Паоло 49, Вячеслав Швырев 97-минутта гол соғып кетті.
Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 25 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Бұл жөнінен көш басында келе жатқан «Ордабасы» командасымен ұпай саны теңесті. Десе де алматылық клубтың олардан екі ойыны көп.
Дәл қазір «Елімай» (Семей) мен «Жеңіс» (Астана) кездесуі өтіп жатыр.
Сондай-ақ, 28 шілдеде «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» мен «Қызылжар» (Петропавл) ойнайды.
Ал «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана», «Тұран» (Түркістан) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесулері кейінге қалдырылды.
Еске салсақ, футболдан бірінші лигада «Каспий» бес ойын бойы жеңе алмай келеді.