Премьер-лига: «Қайсар» мен «Жетісу» тең тарқасты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 18-турының алғашқы ойын күні аяқталды.

Бірінші ойын күнін «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары қорытындылады.
Қызылордалық клуб ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Оған талдықорғандық клуб лайықты қарсылық көрсетті. Командалар 0:0 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Бұл ойыннан кейін «Қайсар» жетінші орынға сырғыса, «Жетісу» тоғызыншы орынға көтерілді.
Енді 31 тамызда қызылордалық клуб өз алаңында Шымкенттің «Ордабасысын» қабылдаса, талдықорғандық ұжым Түркістанның «Тұранымен» шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Атырау» Қарағандының «Шахтерінен» 1:0, Семейдің «Елімайы» Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен жеңді.
Енді 25 тамызда «Қайрат» (Алматы) пен «Тобыл» (Қостанай), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.
Бұл турдағы «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» кездесуі 29 қыркүйекке шегерілді.