Премьер-лига: «Қызылжар» тоғызыншы орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 16-турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Петропавлдық «Қызылжар» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдады.
Алаң иелері биылғы біріншілікті сәтті бастаған еді. Дегенмен кейінгі турларда жиі қателікке бой алдырып, турнир кестесінде соңғы орынның біріне түсіп қалды.
Сондай-ақ «Жетісудың» да жағдайы мәз емес. Аталған команда қарсыластарына жиі есе жіберіп қойып жүр.
Бүгінгі кездесуде петропавлдық команда сапынан Сенин Себаи 82, Рафаиль Оспанов 92-минутта мергендік танытса, оған «Жетісу» сапынан Антон Шрамченко 97-минутта пенальтиден бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Қызылжар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді.
Ал «Атырау» мен «Қайсар» (Қызылорда) командалары 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Бұл ойында атыраулық клубтан Игорь Стачевич 59-минутта пенальтиден есеп ашса, Николай Ситневич 79-минутта басымдықты арттырды.
Оған «Қайсар» сапынан Руслан Юденков 81, Дмитрий Бородин 97-минутта пенальтиден екі голмен жауап берді.
Дәл қазір Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Семейдің «Елімайы» арасындағы кездесу басталды. Әзірге есеп - 0:0.
Ал 4 тамызда 18:00–де «Жеңіс» (Астана) пен «Ақтөбе», «Астана» мен «Тұран» (Түркістан) ойнайды.
Бұл турдағы «Тобыл» (Қостанай) мен «Шахтер» (Қарағанды) кездесуі 28 қыркүйекке белгіленген.