Премьер-лига: «Ордабасы» «Жетісуды» жеңе алмады

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХV турында шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуымен» тең түсті.

Ордабасы
Фото: arena.olimpbet.kz

Өткен жылы ел чемпионы атанған шымкенттік клуб биыл да сол жетістігін қайталауды алдына мақсат етіп отыр.

«Ордабасы» қатарынан төрт мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама түзеп алған еді. Турнир кестесінде бірінші орынға шығып, қарсыластарынан ұзай түскен болатын.

«Жетісумен» кездесуі барысында олар алғашқы болып есеп ашып кетті. Ойынның 31-минутында Сағадат Тұрсынбай мергендік танытып, өз командасын алға шығарды.

Ал 83-минутта «Жетісу» сапынан Абылайхан Жұмабек таразы басын теңестіріп кетті. 
Кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ, аталған турда «Ақтөбе» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетсек, 27 шілдеде «Қайрат» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, «Елімай» «Жеңістен» 1:0 есебімен басым түсті.

Аталған турдағы «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана», «Тұран» (Түркістан) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесулері кейінге қалдырылды.