Премьер-министр 1 мамырға дейін жол бойындағы сервисті дамыту картасын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов жол қауіпсіздігі мәселесі өзекті бола түскенін, 1 мамырға дейін жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын жаңартуды тапсырды.

м
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Жол қауіпсіздігі — ең өзекті мәселенің бірі. Былтыр 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болған. Сондықтан апат қаупі жоғары учаскелерде инженерлік шешімдерді қолдану, жылдамдық режимін қатаң бақылау, интеллектуалды көлік жүйелерін және заманауи ескерту құралдарын пайдалану бойынша жүйелі шаралар кешенін іске асыру қажет, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-министр Көлік министрлігіне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерімен және әкімдіктермен бірге 1 мамырға дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарларын жаңартуды тапсырды.

Сонымен бірге, көлік көп жүретін автомагистральдар мен ірі қалаларға кіретін жолдарға баса назар аудару қажеттігі айтылды.

— Көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жүргізушілерге қолайлы жағдай жасаумен тікелей байланысты. Көлік министрлігі әкімдіктермен бірге тиісті стандарттар мен бизнесті ынталандыру шараларын қамтамасыз етіп, 1 мамырға дейін әр өңірде жол бойындағы сервисті дамытудың егжей-тегжейлі картасын әзірлесін, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін О. Бектенов жолдардың мүшкіл жағдайына қатысты азаматтар шағымы азаймай тұрғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, елімізде ақылы жолдар қатарына тағы 6 учаске қосылады. Ақылы жолда ақау анықталса, төлем уақытша тоқтатылады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум