Премьер-Министр балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстарын сынға алды

Олжас Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Балалардың жазғы демалысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды, көбінесе есеп беру үшін атүсті жүргізіледі. Мұндай сынды Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты.

«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, балалардың жазғы демалысы мен оларды еңбекке баулу барлық жерде бірдей тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды, жұмыс көбінесе есеп беру үшін атүсті жүргізіледі. Танымдық және мазмұнды іс-шаралар аз. Олардың сапасы нашар, балалардың қызығушылығы мен бейімін ескермейді. Қауіпсіздік және санитариялық талаптар бойынша шешілмеген мәселелер бар. Бұл проблемаларды 1 маусымға қарай шешу керек», - деді О. Бектенов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, Премьер өңірлік штабтарға жергілікті лагерлердің санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай келуін бақылауды тапсырды.

«Балалар лагерлерінде, бұқаралық орындарда бақылау камералары жұмыс істеп тұруға тиіс. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне толық кепілдік берілуге тиіс екенін ерекше атап өтемін. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдіктері тиісті қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Лагерлерде балалармен жұмыс істейтін персоналды мұқият іріктеу қажет», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Президент тапсырмасымен 2026 жылдың соңына дейін балаларды сауықтыратын 50 лагерь құрылып, балалардың инновациялық шығармашылығының 100 орталығы салынады. Қазірдің өзінде жыл бойы жұмыс істейтін 2 лагерь және 9 шығармашылық орталығы ашылды.

Айта кетейік, биыл елімізде 10 мыңнан астам демалыс орнында 3 млн-ға жуық бала жазғы демалысын өткізеді.

Әсіресе, тасқын су болған өңірлердің балалары сауықтыру орталықтарына жіберіледі.

 

Соңғы жаңалықтар