Премьер-министр қоқыс тастайтын адамдарға жазаны қатаңдатуды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов қоршаған ортаны ластаған адамдарға қатысты қатаң шаралар қолдануды жүктеді.

— Жаз айларында көптеген адам табиғат аясына демалысқа шығып, қоқыс қалдырып кетеді. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі қоршаған ортаны ластаған адамдарды жауапкершілікке тартуға тиіс. Оларға қатысты қатаң шаралар қолдана отырып, кең ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу қажет, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бастамасының аясында 2024 жылы кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде 2019-2023 жылдары орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылы экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді.