Президент АҚШ-тың Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы хаттаманы ратификациялауы маңызды екенін айтты

ядролық қару,
Фото: Ақорда

Америка Құрама Штаттарының Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа теріс кепілдіктер туралы хаттаманы ратификациялауы маңызды. Мұны «Орталық Азия – АҚШ» мемлекет басшыларының саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қадам өңірдің ядролық қарудан ада мәртебесін институционалдандыру процесін аяқтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігердің маңызды кезеңіне айналады.

Бұған дейін аталған хаттаманы Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания елдері ратификациялаған. 

Айта кетейік, Орталық Азия – солтүстік жарты шардағы ядролық арсеналдарды орналастыруға тыйым салынған жалғыз аймақ.

Мұндай аймақтар Латын Америкасында, Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде құрылған.

Сонымен бірге Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөйлеген сөзінде де ядролық қауіптен ада аймақ құру бастамасын көтерді.

«Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін», - деген еді Президент БҰҰ сессияның жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.
 

Соңғы жаңалықтар