Президент Алматыдағы табиғи апаттарды ескерту жүйесін жетілдіруді тапсырды
Президент Алматыда болуы мүмкін жер сілкінісін дәл болжау және ертерек ескерту өте маңызды екенін айта келе, 2025 жылға қарай 28 сейсмикалық станцияны орнатуды аяқтауды, кейіннен оларды Қырғызстанның ерте хабарлау жүйесімен біріктіруді тапсырды. Сонымен қатар, қалада төтенше жағдайлар туралы дыбыстық хабарламаларды жіберу мүмкіндігі бар біріктірілген ескерту жүйелерінің жұмысын жүргізу жүктелді. Осы орайда әкімдік ситуациялық орталықтың қызметін толық іске қосуы керек.
«Орталық бейнебақылау, жолдағы трафиктен, қоңырау шалу белсенділігінен және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерінен алынған деректерді біріктіруі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл қыркүйек айындағы Жолдауында Әрбір қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілердің схемасы көрсетілген функционалды интерактивті картасын жасауды тапсырғанын еске салды.
Алматыда бұл тапсырма цифрлық технологияларды дамыту аясында және қаланың Бас жоспарын түзету аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Бүгін жүктелген тапсырмалар мен жобалар бірінші кезекте қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, экономикалық әлеуетін нығайтуға және қаланың тартымдылығын арттыруға бағытталған. Бұл тапсырмалардың орындалуы менің ерекше бақылауымда болады», - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Алматыда метрополитен желісін кеңейтуді жалғастыру қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Алматы жолдарына қатысты әкімдікке тапсырма жүктелді.