Тоқаев Бельгия Королінің сапарын тарихи мәнге ие деп бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі мен Патшайымымен әуежайдың арнайы залында аз-кем әңгімелесті. 

Президент әуежай залында құрметті қонақтармен аз-кем әңгімелесті
Фото: Ақорда

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Король мен Патшайымның елімізге сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі нығайту тұрғысынан тарихи мәнге ие екеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филиппті әуежайдың арнайы залында қарсы алып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Король мен Патшайымның Қазақстанға сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі дамыту тұрғысынан тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

Президент әуежай залында құрметті қонақтармен аз-кем әңгімелесті
Фото: Ақорда

Король Филипп қонақжайлық көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі жоғары деңгейде өтетін келіссөздер табысты болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ екі елдің сан қырлы серіктестігін тереңдетудің маңызын атап өтті.

— Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін, — деді Король Филипп.

Еске салайық, мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі мен Патшайымын күтіп алғанын хабарлаған едік.