Президент «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткіш мемориалына гүл шоғын қойды
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті. Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Бес жүзден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барғанын жазған едік.
Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.



