Президент білім саласында ЖИ қаупін қаперден шығармауды ескертті
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізуде оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті.

— Ең алдымен, бұл жерде жасанды интеллектіні теріс пиғылда пайдалану секілді этикалық мәселелер сөз болып отыр. Нейрожелі берген жауапқа сеніп, оқушылар сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. ЖИ білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан Үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет, — деді Президент жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.
Сонымен бірге, мұғалімдер көп уақытын жұмсайтын күнделікті күйбең шаруаны жасанды интеллект арқылы автоматтандырудың маңызына назар аударды.