Президент COP17 аясындағы көшбасшылар саммитіне қатысу үшін Ереванға барды
ЕРЕВАН. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитіне қатысу үшін Ереванға барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысын әуежайдан Армения Республикасы Үкіметінің ресми тұлғалары күтіп алды.
Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысу үшін Баку қаласына жұмыс сапарымен барды.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VII саммитінде сөз сөйледі. Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
Шара барысында Тоқаев превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды.
Саммиттен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысқанын жазғанбыз. Президенттер Каспий теңізінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғастыратын ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты.