Президент ел дамуындағы ЖИ-дің стратегиялық рөлін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында экономика, мемлекеттік басқару, ғылым және білім беру салаларында ЖИ-ді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. 

Президент ел дамуындағы ЖИ-дің стратегиялық рөлін атады
Фото: Ақорда

— Біз қазір ірі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп келеміз. Жасанды интеллект қазірдің өзінде экономиканы, мемлекеттік басқаруды, ғылымды және әрине білім беруді қалыптастырып отыр. Бұл технологияны қалай қолданатынымыз біздің бәсекеге қабілеттігімізді, тіпті ұзақмерзімді болашақтағы егемендігімізді айқындайды, — деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл халыққа арнаған Жолдауында алдағы үш жылда елді толыққанды цифрлық қоғамға айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын еске салды.

Қазақстанда жасанды интеллект елді трансформациялаудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Мемлекеттің мақсаты — тек өңірде немесе халықаралық деңгейде көшбасшы болу ғана емес, Қазақстанның озық әрі өркениетті қоғам ретінде дамуына жол ашу.

Президент Қытай, АҚШ және БАӘ елдерінің мысалын келтіріп, олар ЖИ-ді дамыту стратегияларын жүзеге асырып, жаһандық көшбасшы атану үшін қомақты қаржы бөліп отырғанын атап өтті.

— Жасанды интеллект — жаһандық экономикалық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы. Қазақстан бұл процестен тыс қала алмайды. Сондықтан мемлекеттік басқарудың барлық секторына ЖИ-ді үйлестіру үшін Жасанды интеллект министрлігі құрылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ел үшін негізгі басымдық — ұлттық технологияларды дамыту және отандық мамандарды даярлау екенін айтты. Себебі технологиялық егемендік пен білім беру осы процесте басты рөл ойнайды.

— Басты мақсат — отандық технологияларды жан-жақты дамыту және елде мықты IT-мамандарды даярлау. Сондықтан ең алдымен білім саласына басымдық беруіміз қажет, — деп түйіндеді Президент.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар