John Deere елімізде 3 мың ауыл шаруашылығы техникасын шығарады
ВАШИНГТОН. KAZINFORM - Қасым-Жомарт Тоқаев John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті John Deere компаниясымен серіктестікті заманауи және тиімді ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атады.
Мемлекет басшысы John Deere компаниясының Қазақстанның «Агромаш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған техника өндірісінің локализациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.
Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен астам техника жасалған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда. Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады.
Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың John Deere ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады.
Осыған дейін Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар туралы меморандумға қол қойғаны туралы жаздық.