Президент ҚР ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі туралы ережені бекітті
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметін жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойды. 2025 жылғы 14 шілдедегі құжатқа сәйкес ҚР ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі туралы ереже бекітілді.

Ережеге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомстволық бөлімшесі болып саналады және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша өкілеттіктерге ие.
Орган тиісті өкілеттіктер болған кезде азаматтық-құқықтық қатынастарда мемлекеттің мүддесін білдіруге құқылы. Бұл ретте бизнес субъектілерімен оның құзыретіне кіретін функцияларды орындау үшін шарттар жасасуға тыйым салынады.
Негізгі міндеттері:
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;
- сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді жүзеге асыру;
- жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүргізу; сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берген адамдарды қорғау;
- сыбайлас жемқорлық туралы істер бойынша тәркіленген мүлікті қадағалау және өткізу;
- халықаралық келісімдер шеңберінде мемлекеттік органдармен және шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасау.
Бұдан басқа, құқық бұзушылық туралы өтініштерді қабылдау мен тіркеуді жүргізеді, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді, азаматтар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес береді, сондай-ақ қызметтік мүліктің, оқ-дәрілердің және қорғау құралдарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Бөлімшенің қызметін қамтамасыз ету шеңберінде материалдық-техникалық жарақтандыру, жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру, оқу іс-шараларын өткізу, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі шараларды іске асыру және шифрлау және коммуникациялық жүйелердің жұмыс істеуі көзделген.
Сондай-ақ ҰҚК туралы жалпы ережеге өзгеріс енгізілді. Комитет міндеттерінің тізбесіне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу қосылды. Комитет аумақтық қорғаныс міндеттерін іске асыруға қатысуды және мазмұны бюджеттен қаржыландырылатын жабық әскери объектілердің тізбесін бекітуді қоса алғанда, қосымша функцияларға ие болды.
Жаңа редакцияда тұрғын үй комиссияларының қызметіне, ақпараттық жүйелерге, сондай-ақ қолданыстағы резервтің қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне тұрғын үй төлемдерін беру тәртібіне қатысты нормалар баяндалған.
Жарлық қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды. Ішінде Салық кодексіне түзету енгізетін және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесіне қатысты құқықтық құжаттар бар. Жаңа заңдар қоғамға қалай әсер етеді? Салаларда нендей өзгеріс болуы мүмкін? Kazinform тілшісі тарқатып көрді.