Президент Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездесті
ҰЛАН-БАТЫР. KAZINFORM — Кездесуде Мемлекет басшысы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы орындау үшін екі ел үкіметтерінің бірлесе күш-жігер жұмылдыруы керек екенін атап өтті.
– Бүгін Сіздің еліңізге Президент Хурэлсухтың шақыруы бойынша арнайы мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы ынтымақтастыққа стратегиялық сипат беру үшін екі ел үкіметтері алдында тұрған міндеттерді айқындадық. Шын мәнінде, бізге экономикалық байланыстарымызды дамытуға тың серпін беретін өте ірі жобалар қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм және білім салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ мемлекеттер басшылары деңгейінде қабылданған шешімдерді Моңғолия Үкіметі орындауға дайын екенін растады. Оның айтуынша, Ұлан-Батыр Қазақстанның даму жолын жіті зерттейді.
Еске салсақ, 28-29 қазан күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен баратынын хабарладық.
Мемлекет басшысы Президент Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен және Премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездеседі. Мыңдаған жылдарға созылған тарихи байланысы бар екі халықтың қазір түрлі саладағы қарым-қатынасы жақсы деңгейде. Екі ел басшысының кезекті кездесуінде саяси және экономикалық байланыстарды нығайту жайы талқыланып, бірқатар келіссөз өтуі мүмкін екені айтылды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Моңғолияға арасындағы ұзақ жылғы байланыс туралы Kazinform тілшісінің материалынан оқуға болады.