Президент пен Құрылтайдың өкілеттіктерін бөлу тепе-теңдікті сақтайды — саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасында Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктерді қайта бөлу билік балансын қалыптастырады және саяси дағдарыстардың алдын алады. Бұл туралы саясаттанушы Марат Шибұтов Конституциялық комиссия отырысында айтты.
Оның айтуынша, динамикалық талдау кезінде қазіргі уақытта қанша лауазым мақұлданатынын және жаңа нормалар күшіне енген соң, қанша лауазым мақұлданатынын ескеру маңызды.
Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай Премьер-министр мен Вице-президентті тағайындауға немесе сайлауға келісім беріп, Конституциялық соттың он судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін, Жоғарғы аудиторлық палатаның 80 мүшесін және Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлайды — жалпы саны 60-тан астам адамның қызметін мақұлдайды.
— Осылайша Президент Орталық сайлау комиссиясының 2 мүшесін, Жоғарғы аудиторлық палатаның 2 мүшесін және Конституциялық соттың 4 судьясын тағайындауды тоқтатады, яғни, осындай тепе-теңдік орын алды. Бірақ ол әрине, конституциялық органдардың басшыларын және өзіне тікелей бағынатын органдардың басшыларын тағайындайды. Дегенмен, мұндай схема Президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге көмектеседі, — деп түсіндірді саясаттанушы.
Сонымен бірге М. Шибұтов саяси дағдарыс жағдайында, егер Президент ұсынған кандидатура қолдау таппаса, Құрылтайды тарату механизмін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл механизм саяси институттарды қалыптастырудың созылып кетуінен қорғайтын «сақтандыру» рөлін атқарады.
— Әлемде саяси жағдайдың дағдарысына қатысты көптеген мысал бар. Мысалы, қазір АҚШ-та толық емес шатдаун жүріп жатыр. Сондай-ақ, партиялар арасындағы келіспеушіліктер тұтас мемлекеттің жүйесін тоқтатып қоя алмайды. Сондықтан меніңше, кандидатура екі рет ұсынылуы керек — яғни бірден емес, тек екінші реттен кейін ғана. Бұл анағұрлым ойланып қабылданған шешім болады. Сондықтан бізге саяси институттарды қалыптастыру процесін созып жібермеу үшін сақтандыру механизмі қажет деп есептеймін. Меніңше, бұл өте маңызды және ол Ата заңда болуы қажет, — деп атап саясаттанушы.
Бұған дейін Марат Шибұтов жаңа Конституция туралы әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерді, жорамалдар мен фейктерді жоққа шығарған еді.