Президент сынынан кейін «Болашақ» тағылымдамасына жас шектеулері енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — «Болашақ» бағдарламасы қоғамның сұранысы мен Мемлекет басшысының ұсыныстарына қарай үнемі жаңарып отырады.

Бағдарлама шартындағы жаңашылдықтар туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.
Орталық басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Президент сынға алған 78 жастағы ғылыми тағылымдама қатысушысы жөнінде түсініктеме берді.
— Ғылыми тағылымдама бағдарламасы аясында расымен осындай оқиға болды. Бұған дейін біз үміткерлерге жас бойынша шектеу қоймадық. Зейнет жасына жеткендер де өтініш бере алатын. Президент сынынан кейін біз министр бұйрығына өзгеріс енгіздік. Енді ғылыми тағылымдама үшін ер адамдарға — 59 жас, әйелдерге — 57 жас межесінде шектеу қойылды. Бұл бұйрық бекітіліп, күшіне енді, — деді Ә. Құсманов.
Сонымен бірге, Әділ Құсманов бағдарламаның үнемі жаңғырып отыратынын және 2025 жылдың қаңтарында кезекті жаңартулар пакеті енгізілгенін атап өтті. Соның бірі — қатысушыларды іріктеу құрылымының өзгеруі.
— Енді бірінші кезеңде кешенді тестілеу өтіп, үміткерлер іріктеледі. Онда минималды балл белгіледік. Мысалы, математикадан сандық тест бойынша 25 сұрақтың кемінде 8-іне дұрыс жауап берілуі керек. Яғни, «Болашақ» бағдарламасымен оқитын адам кемінде 8 сұраққа дұрыс жауап беруі керек деп есептейміз, — деп түсіндірді ол.
Тағы бір маңызды жаңалық — мемлекеттік қызметшілер үшін магистратура грантын алуға бөлек санат енгізілді. Алайда, орталық басшысы атап өткендей, бұл санат үшін еш жеңілдік қарастырылмайды.
— Мемлекеттік қызметшілер бәрімен тең бәсекеге түседі. Сол тесттерді, сол емтихандарды тапсырады. Тек соңында, іріктеуден өткеннен кейін шетелде емес, өз елімізде тілдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Басқа жеңілдік қарастырылмаған, — дейді Ә. Құсманов.
Жаңа бастамалар қатарында — «Болашақ» түлектерінің ғылыми және аналитикалық жұмыстарын жинақтайтын дерекқор құру да бар.
— Біз «Болашақ» түлектерінің еңбектері мен аналитикалық жұмыстарын жинақтағымыз келеді, бұл еңбектерді мемлекеттік аппарат реформалар мен заңнамалық бастамаларды әзірлеуде қолданғанын қалаймыз, — деді басқарма төрағасы.
Сонымен бірге, ғылыми тағылымдама үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді тек Web of Science, Scopus базаларында индекстелетін немесе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті бекіткен тізімге енген басылымдар ғана есепке алынады.
Бұған дейін Әділ Құсманов «Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатқанын мәлімдеген еді.