ПРЕЗИДЕНТ СЫНЫ ОРЫНДЫ: Екібастұздағы 700 орындық аймақаралық кәсіби-техникалық орталықты іске қосу әлденеше рет кейінгі қалдырылып отыр

Орталық құрылысына білім және ғылым министрінің орынбасарлары басшылық жасады - біреуі тергеуде отыр, екіншісі - жұмысынан босатылды.
Бүгінде министрлікте проблемалық орталық мәселесімен кім айналысуда? Құрылысты ақырына дейін жеткізудің қандай да бір жолдары бар ма? ҚазАқпарат тілшісінің осы сұрақтарына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыслан Әбдіқалықов жауап қайтарды.
- Бас мердігер «S&ER company» ЖШС ақпараты бойынша, қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Барлық ғимараттардың қабырғалары тұрғызылды, төбесі жабылды, алғашқы әрлеу жұмыстары да істелді, енді тазалап-ақтау жұмыстары да 95 пайызға жасалып тұр. Екі жатақхананың, қонақүйініің, әкімшілік корпустың және үш жұмыс корпусының құрылысы - 95 пайызға орындалды. Акт және спорт залдары, асхана, бассейн, кітапхана бойынша жұмыстар 50-60 пайызға орындалған.
Барлық ғимараттарда да сумен жабдықтау жүйесі іске қосылған. Аумақты абаттандыру 70 пайызға жасалды.
- Салынған ғимараттар республика бюджетіне бес миллиардқа жуық теңгеге түсті. Енді жобаны іске асырудағы кемшіліктерді түзетуге және «ұмытылып» қалған дренаж жүйесін салуға қанша қаражат керек?
- Құрылысты аяқтау үшін көтерме құрылымды күшейту жобасы мен дренаж жүйесі құрылғыларына мемлекеттік сараптама қорытындысын алу керек, содан кейін ғана нысанды пайдалануға беру үшін жұмсалатын шығын туралы айтуға болады. Жоба қазір Алматыдағы «Мемлекеттік сараптама» РМК-ының қарауында жатыр.
Қазіргі кезде нысан құрылысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымованың бақылауында тұр.
- Жобаны және мердігерлерді таңдаған білім және ғылым министрлігінің жауапты басшылары. Облыс басшылығының мұндай нысандар құрылысы барысына ықпалы бар ма?
-Жергілікті атқарушы билікте республикалық нысандар құрылысын бақылау өкілеттілігі жоқ. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау департаментінің Павлодар филиалы 2012 жылы тексеру жүргізгеннен кейін мемлекеттік құрылыс нормативтерін өрескел бұзу анықталып, нысандағы барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатты.
Облыс әкімдігі 2012 жылғы мамырда Білім және ғылым министрлігініе дренаж жүйесі мен автожол құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттарға өзгерістер енгізу қажеттігі жөнінде хат жолдады. Жабаның алғашқы нұсқасында оларды салу ниеті болған, алайда жобаны министрлікте келісу кезінде аталған нысандар алынып қалды.
Оқу орталығы Павлодарда министрліктердің бас тапсырыс берушілері салып жатқан алғашқы нысан емес. Кардиоорталықты беру мерзімдері де бірнеше рет кейінгі ысырылғаны баршаға мәлім. Назарбаев Зияткерлік мектебі де бір жылға кешіктіріліп аяқталды. Министрліктер тапсырысымен нысандар құрылысы басталған бойда жергілікті билікте проблемалар туындайды. Ол куратор емес, бірақ та осы жобалардың жүзеге асырылуын бізден сұрайды.
- Арыслан Дәйкенұлы, сіздің пікіріңізше, ірікіліспен жұмыс жасап, нысандарды беруді созып келе жатқан және жоба құнын ұлғайтып отырған бұл жүйені қалай өзгертуге болады?
- Тұтастай алғанда, бірқатар респуібликалық нысандарды салу мерзімі кестеден кейін қалып келеді. Оларға ниеті адал емес құрылыс салушылардың «қара тізімін» жасаудан бастап құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензияларын алып тастауға дейін бірқатар шара қолданылады.
Облысымызда республикалық нысандарды сапалы және дер кезінде тұрғызуға өздеріне міндеттеме ала алатын құрылыс компаниялары бар. Бұл жағдайда жергілікті жұмыс күшін де пайдалануға болады еді, сонда олар еңбекақы алып, бюджетке де қаржы құйылар еді. Жергілікті құрылысшылар өздерінің бедел-абыройын жоғары санайды, өйткені олар бұдан былай да біздің нарықта жұмыс істейді ғой.