Президент тапсырмасы: Көктемгі егіс жұмыстары ертерек қаржыландырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Жақында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін нығайту бағытында нақты міндеттер жүктеген еді. Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атқарылған шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 100 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.
«Көрсетілген көлемдегі қаражатты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға арналған бюджет жобасында 45 млрд теңге көзделді, қосымша қажеттілік – 71,9 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, Президенттің қаржыландыруды биылғы желтоқсан айында бастау тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Ол бүгінгі Үкімет отырысының қарауына шығарылады», - деді вице-министр.
Бұл шешімді күтпей-ақ, Аграрлық несие корпорациясы 29 қарашадан бастап, 100 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыруды бастайды.
«Қазірдің өзінде 500-ден аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өтінім келіп түсті. Қаражат фермерлерге екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестер, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар және аграрлық несие корпорациясы арқылы қолжетімді болады. Бұл жерде биыл бағдарламаға тек 7 ӘКК қатысқанын айта кеткен жөн. Шаруалардың өздерінің сұрауымен келесі жылы барлық өңірлерден әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту керек», - деді А. Сұлтанов.
Саланы ұзақмерзімді және қолжетімді жеңілдетілген кредит беруге көшіре отырып, фермерлерді кредиттік-субсидиялау жүйесі қайта қаралады.
«Бұл бюджет қаражаты болмаған жағдайда туындайтын агробизнес тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаржыландыру болмаған кезде кредит беруді шектеу қайта қаралады, ол бизнестің наразылық көрсетуіне жол бермейді. Мысалы, Даму қоры арқылы қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Көрсетілген шаралар жекеше банктерден агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруге де тартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді сала маманы.
Өз кезегінде Премьер-Министр Олжас Бектенов жеңілдікті қаржыландыру және өнімді тиімді өткізу егіншілер үшін аса маңызды мәселе екенін айтты.
«Біз 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстарын ертерек қаржыландыру қажет екенін айттық. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырамын. 10-ақ күн қалды тездетіңіздер», - деді Үкімет басшысы.
Ал Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі керек.