Президент тапсырмасы: Өскеменде жаңа жылу электр орталығы қайда салынады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында 130 мың абонентті жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-3 құрылысы жобасын іске асыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
Жаңа жылу көзінен өндірілетін жылудың негізгі бөлігі қаланың сол жағалауына бағытталады. Қазір бұл аумақта тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Орталықтың іске қосылуы жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарды жылумен қамтып қана қоймай, қаланың жылу қуаты тапшылығы мәселесін алдағы ондаған жылға шешуге және қолданыстағы жылу желілеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары Қасым Қайсенов кентіне қарама-қарсы жер учаскесінде жүргізілмек. Жердің жалпы аумағы — 286,6 гектар. Қазір мұнда мамандар жұмыс істеп жатыр. Болашақ инженерлік коммуникациялардың негізгі тораптары айқындалып, аумақты қоршау және құрылысшыларға арналған уақытша қалашықты ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Қазір аумақты құрылысқа дайындау жұмыстарына белсенді кірістік. Жобалау кезеңін 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деп хабарлады ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан.
Орталық құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жобаны қаржыландыру мен құрылыс жұмыстарын «Өскемен Энерго» ЖШС инвестор ретінде өз міндетіне алған. Жоспарға сәйкес, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп, нысанды өнеркәсіптік пайдалануға беру 2029 жылдың желтоқсан айына белгіленген.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда ЖЭО мұржасынан будақтаған қара түтін жұртты шошытқаны хабарланған.