Президент тапсырмасы: Үкімет авиакеросин бағасын қалай реттемек

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет үйінде авикеросин бағасының қымбаттауына қатысты қандай іс-шара қабылданып жатқаны айтылды.

авиакеросин
Фото: momotuning.ru

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 730-740 мың тонна авиа отын өндіріледі, оның 630 мың тоннасы азаматтық авиацияға, ал 100 мың тонна авиа отын мемлекеттік авиация жұмсалады. 

- Жалпы 1 млн тонна авиа отын қажет, бұл сұранысты 2030 жылға дейін толық жабуды жоспарланып отырмыз, - деді Талғат Ластаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында. 

Спикер мәлімдегендей, қазір Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Энергетика министрлігімен бірлесіп авиа отын бағасын реттеуге қатысты кешенді шаралар әзірлеп жатыр. 

— Алдымен отандық авиакеросин өндірісінің көлемін ұлғайту керек. Келесі керосинді жеткізудің баламалы көздері болу үшін жаңа стандарттарға көшу қажет, яғни батыс елдерінде өндірілетін JetA-1, КО-1 стандарты ғана емес, басқа да стандарттарды импорттау мүмкіндігін қарастыру. Үшіншіден, ортадағы делдалдар проблемасын шешу, сонда жанар-жағармай әуежайға тікелей түседі, тиісінше үстеме ақы авиакомпанияларға арзанға түседі, - деп түсіндірді Көлік вице-министрі. 

Еске сала кетсек, жыл басында Президент Үкіметке Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасын реттеуді тапсырған еді. 

- Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті, - деген Мемлекет басшысы авиакеросиннің бағасына жеке тоқталған еді.

Соңғы жаңалықтар