Президент Тоқаев Қатар Әмірі бастаған делегациямен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге ілтипат білдіре отырып, Астана халықаралық форумына Қатар үкіметі мен бизнес өкілдерін бастап келгені үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Қатар Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтасты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Таяу арада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы кезеңде біз тиімді мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Былтыр Сіз елімізге мемлекеттік сапармен келдіңіз. Сондай-ақ жуырда Қазақстан Премьер-Министрі Қатарға сапармен барып келді. Бұл – дәстүрлі достық пен берік әріптестіктің айқын дәлелі. Сіз мемлекеттеріміздің арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге зор үлес қосып келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Қазақ-қатар байланыстарын нығайту үшін Сізбен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайынмын. Қатар инвесторларына барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қатарға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрінің экспортын арттыруға дайын. Сондай-ақ іскерлік байланыстарды нығайту үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын ашу маңызды.