Президент Тоқаевтың достықты бағалауы көп нәрсені аңғартады – Сингапур Елшісі

Елші
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Сингапурдың Қазақстандағы Елшісі Зулкифли бин Бахарудин Silk Way телеарнасына эксклюзивті сұхбат беріп, ҚР Президентінің Сингапурға ресми сапарынан не күтетіні туралы ойымен бөлісті. 

Айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы серіктестікті нығайта түсуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Менің ойымша, екі ел арасындағы қарым-қатынастың артықшылығы мен бірегейлігі, Президент Тоқаевтың біздің елімізді жақсы білетіндігіне байланысты. Жас кезінде ол осында жақын жерде тұрды. Достарының бірқатары әлі де осы аймақта тұрады және кездесуді күтіп жүр. Президент мырза да оларды есінен шығармаған. Ол кісінің бұл жер туралы жылы естеліктері бар деп ойлаймын. Өмірінің біраз бөлігін осында өткізді және бұл қалыптасу жылдары еді деп айтуымызға болады. Сингапурдың бұрынғы және жуырда кездесуі жоспарланған қазіргі көшбасшыларымен байланысы берік. Сондықтан, мұны Президент Тоқаевтың достықты қалай қатты бағалайтынының бірден-бір көрсеткіші деп есептеймін. Бұл оның мінезі мен тұлғалық қасиеттеріне қатысты көп нәрсені аңғартады. Ол тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, жеке өмірде де достық байланысын үзген емес. Бұл сапар ресми қарым-қатынасты өзара түсіністік пен тұрақты дамуға негізделген жаңа деңгейге көтереді деген үміт бар», - деді Елші әңгіме барысында.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23-24 мамыр күндері Президент Тарман Шанмугаратнамның шақыруымен Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Сапар аясында Сингапурдың жоғары басшылығымен, халықаралық ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді және Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жұмысына қатысады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар