Президент Жасанды интеллектіні дамыту кеңесінің алғашқы отырысын ашты
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы басталды.

Бұл кеңес ЖИ, ғылыми зерттеу мен цифрлық технология саласында Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші ойыншы ретінде стратегиялық дамуының маңызды қадамы болмақ.
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес Президент Жарлығымен құрылған және ол — елдегі ЖИ дамытудың стратегиясын қалыптастыратын, технологияларды экономиканың негізгі салалары мен мемлекеттік басқаруға енгізуді сүйемелдейтін, сондай-ақ салалық бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарға ұсыныстар әзірлейтін кеңесші-консультативтік орган.
— Ең алдымен Астанаға арнайы келген кеңес мүшелеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосу «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мол мүмкіндіктер және сын-қатерлер» деген тақырыппен өтеді. Білім-ғылым саласы стратегиялық сала. Сондықтан ең алдымен осы бағытта пікір алмасып, ой бөлісеміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев отырыстың ашылуында.
Бірінші отырысқа Қазақстан Үкіметінің өкілдері, оның ішінде Премьер-министр мен салалық министрлер, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен компанияларынан халықаралық сарапшылар мен ғалымдар қатысып отыр. Олардың қатарында БАӘ, АҚШ және Қытай мамандары бар.
Кеңесте адами капиталды дамыту және білім беру саласында жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері қарастырылады. ЖИ-дің оқу процесіндегі рөліне, мамандарды даярлауға және экономиканың түрлі салаларына енгізілуіне ерекше назар аударылады.
Сонымен бірге, отырыс аясында Мемлекет басшысы цифрлық шешімдер көрмесін аралады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектті барлық салаға енгізу бастамасын көтерді.
Кеңес құрамына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Олжас Бектенов, Президенті әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек енген.
Сонымен бірге, кеңес құрамында халықаралық сарапшылар – БАӘ Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу істері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар әл-Олама, Sinovation Ventures бас директоры Кай-Фу Ли, Корнелл университетінің құрметті профессоры, Шанхай университеті жанындағы Компьютерлік ғылымдар орталығының директоры Джон Хопкрофт, футуролог, геоэкономикалық стратег және Беркли университетінің Haas бизнес-мектебінің оқытушысы Олаф Дж. Грот, БҰҰ «ЖИ – игілік үшін» бастамасы атқарушы кеңесінің төрайымы – Эбтесам Әл-Мазруи, Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры Прадип Кхосла, Oxford Insights компаниясының бас директоры – Ричард Стирлинг бар.
Жуырда Жаслан Мәдиев ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.